Ұлттық құрылтай іске кіріскелі мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте саяси билік пен азаматтық қоғам әріптестігінің басты бағдары – адалдық ұстанымындағы Әділетті Қазақстанға айналу. Сөйтіп халық пен билік арасында жаңа қоғамдық ортақ мәміле қалыптасады.

Құрылтайда талқыланған өзекті мәселелер араға көп уақыт салмай, Парламенттің күн тәртібінде қаралып жатқанына көзіқарақты көпшілік куә. Сондықтан Жаңа Қазақстан жарияланғалы өтіп жатқан құрылтайларды өткен замандардағы мәртебелі басқосулардың трансформацияланған түріндегі заңды жалғасы немесе Әділетті Қазақстанның мәдени-рухани, саяси қайта жаңғыруы деп бағалауға болады. Соған сәйкес құрылтайларда халқымыз қоғамды толғандырып келген ұлттық құндылықтардың басты ұстындары саналатын: отаншылдық қасиетті нығайту, тіл, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, руханият, мәдениет, басқа да салаларға қатысты толғақты мәселелердің оң шешілгенін қалайды, талап етеді.
Осы орайда мәдениетіміз бен руханиятымыздың алтын діңгегі болып саналатын қазақтың күй өнері жөніндегі ой-толғамымды оқырман назарына ұсынғым келіп отыр. Дәстүрлі аспаптық музыканың асқар шыңы – қасиетті өнеріміздің басында тұрған төкпе күй мектебінің атасы Құрманғазы мен шертпе күй өнерінің негіздеушісі Тәттімбет – еліміздің әлемдік өркениетке қосқан есімдері, ұлт мақтаныштары.
Әрбір ұлт әлемдік өркениетке өзінің үлесін қосуға тиіс. Қазақтың шертпе күй мектебінің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) – қазақ өркениетінде айрықша із қалдырған ұлы күйші-композитор, әлемдік деңгейде ұлықтауға әбден лайық кемеңгер. Қазақ музыка өнерінің ғылыми негізін қалаған академик Ахмет Жұбанов: «Тәттімбет творчествосы Қазақ тарихында ерекше орын алады. Қанша уақыт өтсе де, қанша ғасырлар артта қалса да оның әсем күйлері талай буынның рухани азығы болады», деп тұжырым жасаған.
1815 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Мыржық тауының ішіндегі Малыбай бұлағы деген жерде дүниеге келген Тәттімбет Қазанғапұлына күйшілік ата-бабасынан дарыған. Бабасы Шаншардың ұлы Бертіс, оның ұрпағы Бектемір, оның ұлы Мөшеке, оның ұлдары Қазанғап пен Әлі әйгілі домбырашылар екен. Ұрпақтары жеткізген әңгіме желісі бойынша, Тәттімбеттің алғашқы ұстазы – әкесінің інісі Әлі күйші. Мыржық тауының ішінде «Әлі тартқан» деген жер атауы бар. Тәттімбеттің анасы Ақбөпе де аса өнерлі адам болыпты. Өз балалары мен ұрпақтары күй шығармаса да шебер домбырашы, ел билігіне араласқан, ортасына сыйлы, парасатты жандар қатарынан.
Тәттімбеттің әкесі Қазанғап Мөшекеұлы (1774-1845) «Жеті жарғының», дала заңдарының жиынтығын адат пен шариғатты жетік меңгерген дана, көреген, би, шешен. Сондықтан күйші тек өнер иесі ғана емес, елге елеулі саяси қайраткер ретінде де бой түзеді.
Күйшінің бәйбішесі Ақбөпеден Мұсатай, Қисатай, Исатай деген үш ұл дүниеге келеді. Соңғысы жиырма бес жасында найзағайдан қаза тапты. Ақбөпе де ерте дүние салып, Тәтекең бір жылдан кейін Бауыр-Бошан руының Есім атты он жеті жасар қызына үйленеді. Есім аналық нәзік сезімге ие болды. Тәттімбеттің өзі оны бәйбіше деп атаған. Ол Сәуле есімді қызды дүниеге әкелді, бірақ оған ұзақ өмір сүру жазылмаған еді, он екі жасында қайтыс болды. Қазір Егіндібұлақ өңірінде, Достар тауының етегінде, Қарасор көлінің жағасында Есімнің құрметіне «Мазар-бәйбіше» деп аталған жер бар. Мұнда композитордың үш ұлы мен қызы Сәуле жерленген.
Отыз бір жасында Тәттімбет Нұрбике-Шаншар руы болысының төре билеушісі болып, ел ішінің күрделі мәселелерін шешіп жатты. Бұл кезеңде патшалық Ресейдің отаршылдығына тойтарыс берген халқымыздың батырлары: Кенесары, Наурызбай, Есенгелді, Саржан, Бопайдың басшылығымен қазақ халқының ұлт-азаттық серпінінің екпіні болды. Олар ерлікпен шайқасты, бірақ отаршыл әскердің техникалық күші басым еді. Осы тұста Тәттімбеттің тағы бір тарихи миссиясы – Кенесары ханға сапары. Патша отаршылдық әкімшілігі қазақтың соңғы ханы қарсылық көрсетуді тоқтатып, бағынуды ұсынса, Тәттімбет құпия түрде Кенесарыға Қырғызстан арқылы Қытайға кетуді ұсынады. Алайда Кенесары қырғыз манаптары салған тұзаққа түсті.
Батыс-Сібір (Омбы) генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс күйші-композитор туралы арнайы жинаған мәліметінде мынадай дерек келтіреді: «Тәттімбет ақсүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдиясына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1854 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болған. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылады, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған».
Күйші Ресей патшасы ІІ Александрдың 1856 жылы 7 қыркүйекте өткен таққа отыру салтанатына қатысқан. Осы Санкт-Петербург сапарында тамылжыта тартқан күйлерімен империя астанасындағы өнер сүйер қауымның назарын аударып, күміс медальға ие болады.
Тәттімбеттің кейінгі жылдары анықталған тағы бір қыры – өз ортасына білім таратуы, талапты балаларды оқыту үшін мектеп ашуы. Оның Мыржық тауларының бауырындағы Майлықара қонысында салдырған мектеп үйінің қабырғалары әлі құламай тұр. Бұл қоныс өз заманында Қарқаралы мен Семей қалаларының арасында бекет қызметін атқарған. Майлықара қыстағындағы мектеп 1850 жылы бой көтеріп, содан қоғамдық формациялар өзгергеніне қарамастан, осы топырақта туып-өскен жас ұрпаққа көзайым боп, 1953 жылға дейін тұрған.
Тәттімбет мал өсірумен ғана шұғылданбай, кен өндіру ісімен де айналысқан. Том губерниясынан шыққан кәсіпкер-саудагер С.И.Попов 1844 жылы Түндік өзенінің оң жағалауынан, Егіндібұлақ аулынан 24 шақырым жерде Қу қорғасын-күміс-мыс өндіру комбинатын салған.
Тәттімбеттің өндіріс саласындағы еңбегі жайлы мағлұматтар бүгінгі күнге дейін әртүрлі орындарда сақталған. Омбы облыстық мұрағатында «Қарқаралы округі, Нұрбике-Шаншар болысының биі, жүзбасы Тәттімбет Қазанғаповтың сібір қырғыздары жерінде алтын кендерін барлау және өндіруге өтініші» кездеседі. Жұқа қағаз бумасында әртүрлі тоғыз құжатқа байланысты 11 парақ бар. Көптеген зерттеушілерге белгісіз бұл беттер сазгердің тау-кен ісіне қызығушылығын растайды.
1857 жылдың 28 ақпанында Алтай тау-кен зауыттарының басшысы Тәттімбет Қазанғаповқа алтын өндіруге рұқсат беретін 89-нөмірлі куәлік беруге шешім қабылдайды. Осы жылдың 11 наурызында Т.Қазанғаповқа қатысты қозғалған іс жабылады және 1860 жылдың 25 қазанында мұрағатқа тапсырылады. Шамасы, Тәттімбеттің тау-кен ісіне қызығушылығы Том губерниясынан келген көпес-кәсіпкер Степан Иванович Поповпен танысу барысында пайда болған. Түрлі уақытта Поповтарға 6 зауыт, 42 мыс кеніші, 27 көмір кен орны, полиметаллдардың 121 мәлімделген кеніштері тиесілі болды. Жергілікті тұрғындардың жол сілтеуімен ежелгі кеніштерді зерттеген Поповтар даланың бай екендігіне көз жеткізді.
Т.Қазанғапұлының басқарушылық қолтаңбасы қалған Благодат-Степанов зауыты атанған кен орны жұмыс істеген 17 жылдың ішінде 1294,8 тонна қорғасын, 45 тонна қара мыс, 23,2 тонна шақпақ мыс, 575 кило алтын араласқан күміс балқытыпты. Тәттімбет ауыр науқасқа шалдыққаннан кейін зауыт жұмысын жүргізе алмайды. Кәсіпорын 1861 жылы жабылып, 1865 жылы өртеніп кетіпті.
Т.Қазанғапұлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ерекше үлес қосқан. Қарқаралыдан оңтүстікке қарай Қарасор көлі мен Тұндық өзенінің аралығында 1848 жылы Тәттімбет пен Сібір көпесі Варнава Ботов Қоянды жәрмеңкесінің негізін қалады.
Өз заманының озық ойлы өкілі Тәттімбет Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Адольф Янушкевич сияқты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Уәлиханның Шыңғысы, Бөкей ұрпақтары Құсбек пен Тұрсын, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Қалдыбай, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас жүрген. Бұлар Тәттімбеттің көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кескен алғашқы тыңдармандары, талғампаз сарапшылары еді. Біржан сал Жетісудың бұлбұлы, ақын Сарамен айтысқанда:
«Тәттімбет – ардагерім Арғын асқан,
Қырық түрлі күй айналған бармағына», – деп сүйсінеді, мақтан етеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын қапы қалдыру үшін домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. «Тәттімбет домбырада оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау, (бұл бұрауды ел ішінде «тел бұрау» деп те атайды) күйлерін шығарған. Қазақ арасында домбыра тартудың қағып тарту, шертіп тарту және іліп тарту деген үш түрі болса, Тәттімбет өзінің күйлерінде осы үшеуінің де мүмкіндігін жеріне жеткізіп пайдалана білген. Оның «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» сияқты күйлерінде қағып тартудың кезек қағу, қосақ серпу, сыңар қосақ, сүйрете қағу сияқты тәсілдері, сондай-ақ шертіп тартудың дара шертіс, қымтап шертіс сияқты тәсілдері жиі қолданылады. Ал «Көкейкесті» сияқты күйлерінде іліп тарту түрінің ішіндегі ілме, санама ілме, табандату сияқты тәсілдері тыңдаушысын айрықша әсерге бөлейді» деп жазады белгілі өнер зерттеушісі, жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде.
Тәттімбет – лирикалық композитор. Күйлері философиялық түйіндермен астасып жатады, музыкасының тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен, орындалуы өте күрделі. Лирикалық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді. Күйлерінің арқауы өзі өмір сүрген заман, ғұмыр кешкен ортасы, ата-бабасының тарихына құрылған. ХІХ ғасырдағы ұлт мәдениетінің қайта өрлеу кезеңінде Тәттімбетті ең жарық жұлдыздарымыздың бірі етіп көрсететін қасиеті осында.
Күйші шығармашылығының ең биік шыңы – «Көкейкесті» күйі. Күйді ол өмірінің соңғы кезеңінде шығарған тәрізді. Ақселеу аға жоғарыдағы монографиясында бұл шығарманы итжеккендегі айдаудан елге қашып келе жатқан Құрманғазы жол үстінде Тәттімбетке соғып, тыныс алып, мұндағы ықыласқа ризашылық ретінде «Сарыарқа» күйін тартқан екен, осы ақ пейілдің қайтарымы деп Тәттімбет «Көкейкестіні» шертіпті. Екі алыптың кездесуінен дүниеге осындай ғажап шығармалар келді деп толғайды.
Тәттімбеттің бүгінгі күнге жеткен елуден астам күйі бар: «Азаматқожа», «Азына», «Алшағыр», «Балбырауын», «Бестөре», «Бозайғыр», «Бозторғай», «Былқылдақ», «Балқантау», «Ерке атан», «Ерке бұлан», «Желқара», «Жетім қыз», «Керкиік», «Көкейкесті», «Көш жанаған», «Қара жорға», «Қашқан қалмақ», «Қорамжан», «Қосбасар» (бірнеше түрі), «Қоянды», «Наршөккен», «Ноғай-Қазақ», «Салқоңыр», «Сарыжайлау», «Сарықамыс», «Сарыөзен», «Сұлу ағаш», «Сұлама», «Сылқылдақ», «Тас бұлақ», «Тепеңкөк», «Терісқақпай», «Шәйірқалды», т.б.
Тәттімбет күйлерін насихаттаған інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Қысатай (ерте қайтыс болыпты), Исатай және оның күйшілік мектебінен нәр алған Арқа күйшілері Саймақ, Тоқа, Ықылас, Дайрабай, Қыздарбек, Баубек, Әбді, Сембек, Итаяқ, Ақмолда, Бегімсал, Мақаш, Аққыз, Манарбек, Әпике, тағы басқа домбырашылар күйшінің өзіндік ерекшеліктерін сақтап, күй мектебін байыта түсті. Кеңес дәуірінде Тәттімбет күйлерін Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, сондай-ақ Мұхамеджан Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Жексенбек Нұржауов, Біләл Ысқақов, композитордың кіндік қаны тамған Қу өңірінде Нұрке Шынтеміров, Ғаббас Айтбаев, Сақия Қорабаева, Ғабдылқұмар (Құнан) Кәріпбеков, Тұрысбек Түсіпбеков, басқа да домбырашылар орындап, насихаттады. Тәттімбеттің күйлері Құрманғазы атындағы (Алматы), оның өз атындағы (Қарағанды) академиялық, басқа облыс орталықтарындағы халық аспаптары оркестрлері мен симфониялық оркестрлердің репертуарларына молынан енген.
Биыл – ұлы композитор Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығы. Осы орайда оның ұлы есімін тағы бір жаңғыртсақ, ұлттық руханиятымыз бен құндылықтарымызды сақтауға, зерделеуге жол ашады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатта: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс», деп атап көрсетті. Сөз жоқ, домбыра, күй өнері – қайталанбас асыл мұрамыз. Осы тұрғыда, биыл айтулы өнер ордасының біріне немесе музыкалық жоғары оқу орнына халқымыздың біртуар тұлғасы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімін берсе, құба-құп. Бұл ұлтымыздың бірегей болмысын марқайтқан мақтанышты, тағылымды құбылыс болып таңбаланар еді.
Yorumlar